Екібастұзда жүргізушілерге көмектескен полицейлер тұрғындардың алғысына бөленді
Екібастұзда жүргізушілерге көмектескен полицейлер тұрғындардың алғысына бөленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қаласының @ekibas_babka парақшасында полицейлер жүргізушілерге көмек көрсеткен бейнеролик кеңінен таралды. Қарапайым әрекетке қала тұрғындары оң пікір білдірді.
Бүгін біздің аккаунтқа бірден екі бейне жіберілді. Екібастұзда полиция қызметкерлері жол бойында көлігі бұзылған екі жүргізушіге көмекке келді. Қатты аязда полицейлер құр өтпеді-көмектесті, қолдады, қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Нағыз қызмет осылай көрінеді, бақылау ғана емес, адамгершілік білдіру. Мұндай қызметкерлерге құрмет! Жолдарда абай болыңыздар және бей-жай қарамаңыздар, – деп желі қолданушылары пікір білдірген.
13 қаңтарда қаланы патрульдеу кезінде патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Арман Құрманғали мен Шыңғыс Сәметов аяз кезінде көлік жолында техникалық ақау болған Volkswagen Golf көлігінің жүргізушісіне көмек көрсеткен.
Сол күні қаланың қарбалас қиылыстарының бірінде ВАЗ-21114 жүргізушісінің көлігі тоқтап, жол қозғалысына кедергі келтірді. Патрульдік полиция қызметкерлері Ермұрат Қажығали мен Ассабур Тиштатов шұғыл әрекет жасап, көлікті жол жиегіне сүйреп апаруға көмектесті, осылайша жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті және кептелістің пайда болуына жол бермеді.
Жүргізушілер полиция қызметкерлеріне көрсеткен көмегі, кәсібилігі үшін шын жүректен алғыстарын білдіріп, қиын қызметтеріне сәттілік тіледі. Кейін полиция қызметкерлері қызметін жалғастырды.
