Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екінше рет мас халде көлік жүргізген жүргізушілер ұсталды

Түркістан облысында екінші рет мас халде көлік құралын басқарған жүргізушілер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісайлық полиция қызметкерлері аудан аумағында түнгі уақытта жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу және болдырмау мақсатында іс-шаралар жүргізуде. Осыған байланысты Жетісай АПБ ЖПҚ және Асықата ауылының полиция бөлімшесінің тәжірибелі қызметкерлерінен түнгі топтар құрылды. Шара барысында Жетісай ауданы, Асықата ауылындағы көше бойында күдік тудырған “Lada” маркалы автокөлігін тоқтатады.

Көлік құжаттарының заңдылығын тексеру барысында, аталған көлік жүргізушісі жергілікті тұрғын екені анықталды. Сонымен қатар Жетісай аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша жеті жыл мерзімге автокөлікті жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Сондай-ақ соттың қаулысының мерзімі жойылмағанына қарамастан, ол тағы да көлік тізгіндеген. Оған қоса медициналық куәландырудың қорытындысына сай, “орта” дәрежедегі масаң күйінде басқарған.

Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп тексеру жүргізілуде. Қазіргі таңда күдікті деп танылған азамат қамауға алынып, кейіннен кепілмен босатылды.

Осындай жайт Мақтаарал АПБ-де де тіркелген. Рейд барысында полицейлер мас халде “Volkswagen golf” маркалы көлік басқарған күдікті жүргізушіні тоқтатады. Тексеру барысында ол бұрын алкогольді масаң күйде жол көлік оқиғасын жасағаны үшін екі жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айрылғаны анықталды. Сонымен қоса ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша екі жылға шартты түрде сотты болған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті азаматтың бас шарасы қолхатта.

Ішкі істер органдарының халықпен сенімді тығыз қарым-қатынас орнату, сондай-ақ аудан аумағында жол қозғалысы тәртібін сақтау және жол апатының алдын алу жұмыстары жалғасуда. Қандай да бір құқық бұзушылық іс-әрекетке куә болсаңыз, тез арада “102” телефонына хабарласыңыздар!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру