Экскаватор жүргізушісінің ұрлыққа қатысы бар екені анықталды
Қарағанды облысында кәсіпорындардың бірінің аумағынан болат құбырлар ұрланған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 қаңтарда Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының полиция бөліміне кәсіпорындардың бірінің өндірістік аймағынан болат құбырлар ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Кәсіпорын қызметкерлері болат құбырларды бөлшектеуге әзірлеу кезінде, белгісіз біреу оларды жасырын әкетіп, сол арқылы кәсіпорынға айтарлықтай зиян келтірген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысты жасауға күдікті ретінде Жезқазған қаласының 41 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ер адам аталған кәсіпорынның экскаватор жүргізушісі болып шықты.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.