Ел имиджін қалыптастыру жолындағы туристік полицейдің қызметі
Полиция қызметі – бұл тек форма киіп, тәртіпті сақтау ғана емес. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігін өз өмірлік миссиясына айналдырған жандардың таңдауы. Солардың бірі – туристік полиция инспекторы, полиция капитаны Айнұр Әбдіғалиева туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Ол 1985 жылғы 7 желтоқсанда Қостанай облысының Амангелді ауданында дүниеге келген. 2013 жылы Астанадағы колледжді тәмамдап, 2016 жылы ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы оқу орнын бітірді. Кәсіби білім мен табандылық оның болашақ қызмет жолының берік іргетасына айналды.
Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2009 жылы патрульдік полиция полкінде хатшы қызметінен бастаған. Араға бір жыл салып полиция инспекторы болып тағайындалып, бүгінде капитан шеніне дейін көтерілді. Қызметке кіріскен алғашқы күннен бастап оның басты ұстанымы – қандай жағдайда болмасын азаматтарға көмек көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Он жеті жылдық тәжірибе барысында Айнұр Әбдіғалиева әртүрлі бөлімшелерде қызмет атқарды. Криминалистика саласындағы жұмыс оған дәлелдемелік базаның маңызын терең ұғындырса, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор ретіндегі қызметі жасөспірімдермен тіл табысуды, қиын жағдайға тап болған отбасыларға жанашырлықпен қарауды үйретті. Бұл тәжірибелер оның кәсіби ғана емес, адами болмысын да шыңдады.
Қызметтен тыс өмірінде шығармашылықтың орны ерекше. Бала күнінен фортепиано мен домбырада ойнап, ән айтуды серік еткен ол полиция оркестрінің концерттері мен сахналық қойылымдарына белсенді қатысқан. Музыка – оның жан дүниесінің тынысы. Өз сөзінде ол өнердің ішкі тепе-теңдікті сақтауға, ауыр күндердің салмағын жеңілдетуге көмектесетінін айтады.
Қазіргі таңда Айнұр туристік полиция сапында еңбек етуде. Бұл бағытта кәсіби біліктілікпен қатар жоғары қарым-қатынас мәдениеті, сабырлылық және шет тілдерін меңгеру аса маңызды. Елорда күн сайын алыс-жақын шетелдерден келген қонақтарды қарсы алады. Сондықтан олардың мәдени ерекшеліктерін ескеріп, заң талаптарын түсінікті әрі сыпайы жеткізу – басты міндеттердің бірі. Ағылшын тілін еркін меңгеруі оған туристерге жедел әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Қызмет жолы капитанның мінезін шыңдап, жауапкершілікке, төзімділікке және күрделі сәттерде батыл шешім қабылдауға баулыды. Соған қарамастан, ол адамдарға деген ілтипаты мен мейірімін жоғалтқан емес.
Айнұр – екі баланың анасы. Қарбалас жұмыс кестесіне қарамастан, бос уақытын отбасына арнауға тырысады. Өміріндегі ең үлкен жетістігі ретінде балаларының амандығы мен жақындарының табысын атайды.
Оның пайымынша, туристік полиция – тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін құрылым емес, сонымен бірге елдің халықаралық беделін қалыптастыратын маңызды буын.
- Шетелдік қонақтар Қазақстан туралы алғашқы әсерін көбіне полиция қызметкерлері арқылы алады. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі мәртебе, – дейді ол.
Айнұр Әбдіғалиеваның өмір жолы – кәсібилік пен табандылықтың, қызметке адалдық пен адамға деген шынайы жанашырлықтың үйлесімді көрінісі. Оның бейнесі – заманауи полиция қызметкерінің жан-жақты, рухани бай әрі жауапты тұлғасының айқын үлгісі.
