Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ел тыныштығы жолындағы 35 жыл: Анастасия Горлованың өмір жолы

Анастасия Горлова – сұрапыл соғыс жылдарында құқық қорғау саласына келіп, бүкіл ғұмырын заң мен әділдікке арнаған қайсар тұлға. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Ұлы Отан соғысы кезінде ер-азаматтар майданға аттанып, ел тағдыры қыл үстінде тұрған шақта қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне әйелдер де белсене араласты. Сол бір ауыр кезеңде олардың табандылығы мен батылдығы елге тірек болды. Осындай сын сағатта, 1943 жылғы 30 желтоқсанда 19 жастағы Анастасия Горлова Қарағанды облысының құқық қорғау органдары қатарына қабылданды.

Қызмет жолын қарапайым паспорт бөлімінің қызметкері ретінде бастаған жас маман білімге құштарлығымен, еңбекқорлығымен және адалдығымен ерекшеленді. Ізденімпаздығы мен жауапкершілігінің арқасында көп ұзамай бөлім басшылығына тағайындалып, кейін тергеу саласында еңбек етті. Бұл бағытта ол өзін білікті, принципшіл әрі батыл тергеуші ретінде танытты.

1924 жылдың желтоқсан айында дүниеге келген милиция майоры бар саналы ғұмырын ел тыныштығын қорғауға арнады. Құқық қорғау органдарына небәрі 19 жасында келген ол 1978 жылдың мамырына дейін табанды қызмет атқарып, отыз бес жылдан астам уақыт бойы заң мен тәртіп күзетінде тұрды. Қайтпас қайсарлығы мен әділдікке деген адалдығы оны әрдайым алдыңғы шептен көрсетті.

Анастасия Горлованың қызмет жолындағы ерекше істердің бірі – ел ішінде "сыған генералы" аталып кеткен күрделі қылмыстық істі тергеуі. Бірнеше айға созылған бұл резонансты іс оның терең кәсіби дайындығын, ұқыптылығы мен әділдікке деген берік ұстанымын айқын көрсетті. Табанды тергеудің нәтижесінде кінәлілер заң алдында жауап беріп, тиісті жазасын алды.

Қызметтегі жанқиярлығы мен жоғары кәсібилігі үшін ол "Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы үздік қызметі үшін" медалімен марапатталған алғашқы қызметкерлердің бірі болды.

Анастасия Горлова – бірнеше буын құқық қорғау қызметкерлеріне өнеге болған, адалдық пен абыройдың, қайсарлық пен кәсібиліктің символына айналған тарихи тұлға.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру