Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Электронды бақылаудағы өмір: қызылордалық сотталғанның өкініші

Қызылорда қаласында пробация қызметінің бақылауына алынған сотталған азаматқа электронды білезік тағылды. Ол есірткіге қатысты ауыр қылмыс жасап, 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда, жуырда сот қаулысына сәйкес, жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 73-бабына сәйкес, жазаның 3 жыл 4 ай мерзімі енді пробация бақылауында өтелмек. Осыған орай сотталған азамат арнайы шектеулер мен талаптарды орындауға міндеттеліп, пробация қызметінің есебіне алынды.

Қоғамнан оқшаулаусыз жаза өтеу кезеңінде оның жүріс-тұрысын бақылау мақсатында арнайы электронды білезік тағылды. Бұл құрал сотталған адамның белгіленген аумақтан шықпауын қамтамасыз етеді және пробация қызметіне оның тәртібін бақылауға мүмкіндік береді.

– Біле тұра қателік жасағаныма өкінемін. Есірткі сатқан да, еккен де – қылмыс. Электронды білезік тағылды, қарсы болған жоқпын, өйткені енді қылмысқа қайта оралмау керектігін жақсы түсіндім. Кешкі уақытта үйден шықпаймын. Бұл – мен үшін дұрыс шешім. Қылмыстың өтеуі – жаза екенін жүрегіммен түсіндім, дейді пробация есебіндегі азамат.

Пробация қызметінің мамандары сотталған азаматқа жүктелген міндеттерді егжей-тегжейлі түсіндіріп, оның құқықтары мен заң алдындағы жауапкершілігі жайында кеңес берген. Сондай-ақ, қоғамға бейімделуіне ықпал ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Қазіргі таңда Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде 600-ге жуық сотталған азамат тіркелген. Олардың әрқайсысы арнайы бақылауда болып, қайта әлеуметтендіру іс-шараларына қатысуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру