Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Электрондық бақылау – пробация тәртібін сақтаудың тиімді құралы

Электрондық бақылау – пробация тәртібін сақтаудың тиімді құралы, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Пробация – бұл уәкілетті мемлекеттік орган тарапынан сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тәртіпке салу мақсатында қолданылатын кешенді әлеуметтік-құқықтық шаралар жүйесі. Алайда жаза өтеу тәртібін жүйелі түрде бұзатын, түзелуге құлықсыз азаматтарға қатысты пробация қызметі тәртіптік ықпал ету тетіктерін қолдануға мәжбүр болады.

Солардың бірі – электрондық бақылау құралдарын (ЭБҚ) пайдалану. Бұл құралдар сотталғанның жүріс-тұрысын тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Әсіресе beemonitor жүйесі арқылы кешкі 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін сотталғанның өз үйінде болуын нақты тіркеу – ЭБҚ-ның басты міндеттерінің бірі.

Жыл басынан бері Орал қалалық пробация қызметі 54 сотталғанға ЭБҚ қолданды. Нәтижесінде 30-дан астам тәртіп бұзушылық анықталып, 13 жағдайда жаза мерзімін бас бостандығынан айыруға ауыстыру үшін материалдар сотқа жолданды.

Мысал ретінде пробация есебіндегі бір азамат ҚР ӘҚБтК 440-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзғаны үшін жазасының қалған бөлігін түрмеде өтеуі мүмкін екендігі туралы ескертілді. Алайда көп ұзамай ол ЭБҚ құрылғысының (пауэрбанк) сымсыз қуат көзін жоғалтқанын хабарлады. Осыған байланысты түсіндіру жұмысы жүргізіліп, құрылғының құнын өтеу міндеттелді.

12 мамырда Орал қалалық сотының қаулысымен аталған сотталғанның 1 жыл 5 ай 19 күнге бас бостандығын шектеу жазасы орташа қауіпсіздік мекемесінде өтелетін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Қаулы әзірге заңды күшіне енбеген.

ЭБҚ пайдалануда техникалық қиындықтар болғанымен (мысалы, батареяның жылдам таусылуы), оның тиімділігін жоққа шығаруға болмайды. Бұл құрал сотталушының сот қаулысымен бекітілген міндеттерді орындауын бақылауға және бұзушылықтарды нақты дәлелдеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру