Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Электросамокаттар бақылауда: Қазақстан жолдарында қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуге болады

Ішкі істер министрлігінде кикшерингілік компаниялардың иелерімен кеңес өтті. Бұл жиын ӘПК төрағасы Қайрат Сұлтанбаевтың бұған дейінгі брифингте айтқан уәдесіне сәйкес ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиын барысында жол-көлік оқиғаларының көбеюі, құқықтық реттеудің жеткіліксіздігі және осы саладағы тәртіпті орнатуға бағытталған шаралар талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша кикшерингілік компанияларға (Jet, Яндекс, Woosh, Bolt және Біріңғай микромобильділік операторы) бірқатар талап қойылды. Атап айтқанда, полиция қызметкерлерінің қатысуымен мобильді патрульдік топтар құрып, электросамокатты пайдаланушылар тарапынан болатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және ретсіз қалдырылған самокаттарға тосқауыл қою міндеттелді.

Сонымен бірге компанияларға электросамокатты арнайы тұрақ орындарына қоймайынша сапарды (төлемді) аяқтауға мүмкіндік бермеу және жаяу жүргіншілер аймақтарында, саябақтарда, жағалауда және бұқаралық іс-шаралар өтетін жерлерде самокаттардың жұмысын автоматты түрде бұғаттау тапсырылды.

Биылғы жылы елімізде электросамокаттардың қатысуымен 213 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 224 адам зардап шеккен. Самокатшылардың кінәсінен 42 апат болып, 52 адам жарақат алған.
Ең күрделі жағдай Алматыда байқалады – барлық оқиғаның 95%-ы дәл осы қалаға тиесілі.

— Жол қозғалысы туралы заңға енгізілген өзгерістерге екі жыл болса да, айтарлықтай ілгерілеуді көріп отырған жоқпыз. Бұзушылықтар күн сайын тіркелуде, ал кикшерингілік компаниялардың қауіпсіздік бағытындағы жұмысы әлі де күткен нәтижеге жетпей отыр. Территориялық полиция департаменттеріне ретсіз қойылған самокаттарды арнайы тұрақтарға жеткізуді тапсырдым, – деді Қайрат Сұлтанбаев.

Жыл басынан бері электросамокат жүргізушілері 20 мыңнан астам жол ережесін бұзған. Оның ішінде:

• 6 жағдай – мас күйінде басқару;
• 10 мыңға жуық айыппұл – жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін;
• ондаған жағдай – ата-аналардың балаларға самокатпен жолға шығуға рұқсат беруі.

Бұзушылықтардың басым бөлігі Алматыға тиесілі – 7 435 жағдай (барлық көрсеткіштің 76%-ы).

Не істеу қажет?

Басты мәселе – кикшерингілік сервистердің әкімдіктер және полициямен үйлесімді жұмысының жоқтығы. Ұсынылған шаралар қатарында:
• қосымшаларды жетілдіру: ережелер туралы хабарламаларды шығару, арнайы тұрақтардан тыс сапарды аяқтауға тыйым салу;
• бақылауды күшейту: мобильді патрульдердің самокаттарға қол жеткізіп, заңбұзушылықтарға жедел әрекет етуі;
• қатаң шаралар: самокатты дұрыс қоймаған жағдайда тәркілеу, JET, Yandex, Woosh және басқа операторлар арқылы айыппұлды автоматты түрде өндіріп алу;
• инфрақұрылымды дамыту: веложолақтар мен арнайы тұрақ аймақтарын көбейту.

Инфрақұрылым тапшылығы

Қазіргі таңда елімізде небәрі 594 шақырым веложол бар, ал қажеттілік 2 мың шақырымнан асады. Соңғы бес жылда бар болғаны 218 шақырымы пайдалануға берілген, бұл баламалы көліктің қарқынды танымал болуына сай келмейді.

— Электросамокаттарға арналған қауіпсіз инфрақұрылым бізде жоқтың қасы немесе енді ғана қалыптаса бастады. Бұл мәселені шешу жүйелі тәсілді қажет етеді, – деді Қайрат Сұлтанбаев.

Электросамокаттарды жалға беретін компаниялар бірқатар шараны жақын арада жүзеге асыруға, ал күрделі мәселелерді мемлекет, бизнес және жергілікті билік бірлесе отырып шешуге дайын екендерін жеткізді.

Басты мақсат – жол-көлік апаттарын азайтып, барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру