Елге жақын полицей: Ғизатолла Рахметовтың адалдығы мен ерлігі
Қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік пен жанкешті еңбекті талап ететін қызмет. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, ел сеніміне ие болған тәртіп сақшыларының бірі – Атырау қалалық №2 полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Ғизатолла Рахметов. Қызметкер туралы толығырақ Polisia.kz сайты баяндап береді.
Атырау облысы Махамбет ауданы Алға ауылында дүниеге келген Ғизатолла Рахметов бала кезінен тәртіп пен әділет жолын таңдады. Ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында білім алып, құқық қорғау саласында кәсіби маман ретінде қалыптасты.
2016 жылдан бері қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында қызмет етіп келе жатқан Ғизатолла өзінің білімі мен тәжірибесін өмірлік маңызды істерге арнауда. Оның ерлік пен батылдық танытқан сәттерінің бірі — 2022 жылы түнгі мезгілде көпқабатты үйдің терезесінен құлау қаупінде тұрған 4 жасар баланы құтқару оқиғасы. Әріптестерімен бірге уақытты зая кетірмей, жылдам әрекет етіп, бір баланың өмірін аман сақтап қалды. Бұл — тәртіп сақшысының кәсіби біліктілігі мен шынайы жанашырлығының жарқын мысалы.
Сондай-ақ 2023 жылы жедел уәкіл Дамир Мустахимовпен бірге аса ауыр санаттағы қарақшылық қылмысты ашуға қатысып, қылмыскерлердің жауапқа тартылуына елеулі үлес қосты.
Ғизатолла Рахметов — тек қана заң шеңберінде қызмет ететін полиция қызметкері емес, сонымен бірге халықпен етене жақын, олардың сеніміне ие бола білген азамат. Өз ісіне адалдықпен қарап, кез келген азаматтың мәселесіне бейжай қарамайтын офицер ретінде әріптестері мен тұрғындар арасында зор құрметке ие.
Оның батылдығы, кәсіби шеберлігі және адами қасиеттері — нағыз «Жұртқа жақын полицейдің» бейнесін айқын көрсетеді. Ғизатолла Ғариполлаұлы – бүгінгі құқық қорғау саласындағы абыройлы тұлға, ерлік пен адамгершіліктің үлгісі.