Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Елімай" мен "Тұран" футбол клубтары отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті қолдады

"Елімай" мен "Тұран" футбол клубтары отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті қолдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" республикалық акциясы аясында Семей қаласының "Елімай" және Түркістан қаласының "Тұран" футбол клубтары арасындағы матч ерекше форматта өтті. Спортшылар алаңға әлеуметтік маңызы бар бастаманы қолдайтын арнайы футболкалармен шықты.

"Зорлық-зомбылыққа жол жоқ" деген үндеу матч кезінде тек футбол алаңында емес, стадион трибуналарынан да естілді. Кездесуді тамашалауға келген 3 мыңнан астам жанкүйер бұл бастаманы қызу қолдап, қол шапалақтап, зорлық-зомбылыққа қарсы үн қосты.

Абай облыстық полиция департаментінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы мамандары көрермендерге ақпараттық парақшалар таратып, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жұртшылыққа өз құқықтарын білу мен көмекке дер кезінде жүгіну жолдары түсіндірілді.

"Елімай" клубының символына айналған талисман бұл күні "Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!" деген жазуы бар туды көтеріп, көпшілікті бейбіт және қауіпсіз қоғам құруға шақырды. Футбол — тек спорт емес, қоғамдық санаға әсер ететін қуатты алаң. Бұл күні алаңда қарсыластар емес, ортақ құндылықтар жолында күш біріктірген азаматтар ойнады — еліміздегі әр отбасы үшін тыныштық пен қауіпсіздік жолында.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру