Елімізде белгіленбеген жерлерде темір жолдарды кесіп өткен 15 мыңнан астам азамат жауапқа тартылды
Елімізде 15 мыңнан астам азамат белгіленбеген жерлерден темір жолдарды кесіп өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері темір жолдарды белгіленбеген жерлерден кесіп өткен 15 355 адамды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Пойыз астына 42 азамат түскен, олардың тең жартысы өліммен аяқталды, 3 факт бойынша балалар зардап шекті, олардың барлығы өліммен аяқталды.
Сондай-ақ пойыздардың шұғыл тежелуінің фактілері тіркеледі. Ағымдағы кезеңде 930 факт тіркелді, оның ішінде адамдардың болуы себебінен 224, теміржол төсемінде үй жануарларының болуына байланысты 572 факті және тағы басқа да заң бұзушылықтар болған. Мәселен, өткен демалыс күндері төрт адам пойыз астына түсіп кете жаздады. Аталған фактілер Ақмола, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Абырой болғанда, барлық жағдайда пойыз машинистері жылжымалы құрамды тоқтатып, қайғылы жағдайдын алдын алды.
Жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік полицейлері жазатайым оқиғалардың алдын алу және жолын кесу мақсатында тұрақты негізде профилактикалық сипаттағы жұмыстар жүргізуде. Оның ішінде халықпен 1588 кездесу, жолаушылар пойыздарында 1772 кездесу, оқу орындарында 1814 дәріс өткізді. Барлық іс-шараларда теміржол көлігі объектілерінде болған кезде негізгі қауіпсіздік ережелері жеткізілді.