Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елімізде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа деңгейіне шығу – ІІМ-нің басты міндеті

ІІМ-де ведомствоның орталық аппараты мен аумақтық бөлімшелерінің барлық қызметтері басшыларының қатысуымен алқа отырысы өтті. Кездесу барысында ішкі істер органдарының 2021 жылғы жұмысының қорытындылары, сондай-ақ Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру нәтижелері шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен жылы елде қауіпсіздіктің тиісті деңгейі қамтамасыз етілді. Бұл ретте қылмыстың төмендеу үрдісі жалғасуда.

Жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар мен қылмыстар саны 4,5%-ға, ауыр қылмыстар саны 14%-ға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және зорлау фактілері 7%-ға, қарақшылық, тонау, ұрлық және бұзақылық 22%-ға азайды. Қоғамдық орындарда, мас күйінде, сондай-ақ бұрын сотталған адамдар мен кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар саны азайды. Отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстарды төмендетуге қол жеткізіліп, бірқатар қылмыстардың ашылуы жақсарды.

2021 жыл ІІМ жүйесі үшін құқық бұзушылықтың алдын алу және «жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету жылы болды. Қалаларда 58 модульді стационарлық полиция бекеттері пайдалануға берілді; жаяу патрульдердің саны артты; полицияны шұғыл шақыру үшін 81 «дабыл түймесі» орнатылды.

«Осылайша, полицияның тұрақты болуының әсері қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге оң әсер етеді, ал азаматтар өздерін қорғалған сезінеді», – деп атап өтті ІІМ басшысы.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру ІІМ-ге өз жұмысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге, азаматтарды тұрақты негізде қабылдау мен түрлі мәселелер бойынша консультациялар жүргізуге мүмкіндік берді. «102» мобильді қосымшасы іске қосылды, ол полицияға кез-келген тәсілмен, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы жүгінуге мүмкіндік береді.

Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша учаскелік инспектордың мәртебесі көтеріліп, оған тиімді жұмыс істеу үшін қажетті өкілеттіктер берілетінін атап өтті. Ауылдық жерлерде қызметтік тұрғын үймен жапсарлас учаскелік пункттер салынуда. Меншікті резервтер есебінен учаскелік қызметтер штаты қосымша ұлғайтылатын болады. Бүгінде полицейлерді қолдаудың теңдессіз шаралары қабылданды.

«Мемлекет басшысы ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды жақсартуды қолдады. Бізден, полицейлерден, өз халқының игілігі үшін тек адал қызмет қажет», – деп еске салды Ерлан Тұрғымбаев.

Министр жеке құрам арасында заңдылық пен тәртіптің сақталуына, кадр саясатын жетілдіруге, қоғам мен халықтың сұраныстары мен үміттеріне жауап беретін «жаңа форматтағы» полиция қызметкерін құруға ерекше назар аударды.

«Ішкі істер органдары қызметкерлерінің көпшілігі – әдепті және батыл адамдар, олар үшін «мундирдің абыройы» жай сөз емес, өмір салты. Осындай қызметкерлердің арқасында біз қазір ауқымды реформа жүргізіп, полицияның сервистік моделін дамытудамыз. Барлық басшыларға жеке құраммен жұмысты күшейтуді және сеніп тапсырылған бөлімшелерде тәртіп пен заңдылықты орнатуды тапсырамын. Заң барлығына бірдей, ал полицейлердің басты міндеті – қылмыспен күресу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді министр Ерлан Тұрғымбаев.

Алқа жұмысы барысында қоғамның полиция қызметіне деген жоғары талаптарын ескере отырып, ведомство басшысы қылмысқа қарсы күрес және қылмыстарды тергеу саласындағы полиция қызметінің негізгі бағыттары бойынша алдағы 2022 жылға арналған міндеттерді анықтады:

– жұртқа жақын полиция қағидатын орындау үшін «дабыл түймелерін», модульдік бекеттерді орнату бойынша жұмысты жалғастыру, қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйесін дамыту;
– азаматтардың хабарламаларына дер кезінде және жедел ден қоюды қамтамасыз ету;
– учаскелік полиция инспекторлары жұмысының тиімділігін, олардың халық үшін қолжетімділігін арттыру, бұрын сотталғандармен және тұрмыс саласында профилактикалық жұмысты күшейту;
– жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауды күшейту;
-киберқылмыспен күрес және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлерін даярлауды жақсарту;
-есірткі қылмысына қарсы күресті жандандыру және интернет-ресурстар арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына қарсы іс-қимыл жасау;
– азаматтардың құқықтарының заңдылығы мен сақталуын қамтамасыз ете отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын жақсарту;
– халықпен тікелей жұмыс істейтін кіші және орта буын басшыларының кадрлық әлеуетін нығайту;
– ішкі істер органдарын цифрландыру жөніндегі жұмысты жалғастыру.

Алқа жұмысының қорытындысы бойынша министр қызметтің әрбір бағыты бойынша ішкі істер органдарының қызметтері мен өңірлік бөлімшелерінің басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру