Елімізде жыл басынан бері 200-ден астам жылқы пойыз астына түскен
Қазақстанда жыл басынан бері 200-ден астам жылқы пойыз астына түскен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуінің 464 фактісі тіркелді.
Еліміздің темір жолдарында 369 үй жануарларын басып кету фактісі тіркелді. Оның ішінде 222 бас жылқы, 44 бас ірі қара, 76 ұсақ мал бар.
Мәселен, Павлодар облысы Жұмыскер – Көктөбе станцияларының аралығында жүк пойызының машинисі темір жолда жылқылардың болуына байланысты пойызды шұғыл тежеген. Соқтығысу нәтижесінде 4 жылқыны қағып кетті. Осының салдарынан пойыз 29 минутқа кідіріп қалды.
Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері мал иесін анықтады. Ол 45 жастағы облыс тұрғыны болып шықты.
Үй жануарларының иесі темiржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Көлік полицейлері шаруа қожалықтарының иелеріне қауіпсіздік шараларын сақтауды және теміржол маңында мал жаюға болмайтындығын ескертеді.