Елорда полицейлері азаматтарды әлеуметтік желі арқылы сан соқтырған күдіктілерді анықтады
Елорда полицейлері азаматтарды әлеуметтік желі арқылы сан соқтырған күдіктілерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордалық полицейлер әлеуметтік желіде адамдарды алдап соққан азаматты анықтады. Алматы аудандық ПБ-ның қызметкерлері «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 25-ке жуық азаматты ғаламтор желісінде алдап кеткен 22 жастағы елорда тұрғынын анықтады. Жас жігіт Instagram әлеуметтік желісінде қазақстандықтардың қайталанатын аккаунттарын ашып, содан кейін зардап шеккендердің достарынан ақша сұраған.
Атап айтқанда Шымкент қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, 30 мың теңгені өзінің танысы деген азаматқа аударғанын айтқан. Белгілі болғандай, қаскүнем жәбірленушіге жалған аккаунттан жазып, ақшаны өсіммен қайтарып беруге уәде беріп, соманы оның есепшотына аударуды сұраған. Осылайша, ол азаматтардың әрқайсысынан 10-30 мың теңге көлемінде ақшаларын иемденіп, алдап кеткен.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жігіт кінәсін мойындады, оның Астанада осыған ұқсас алаяқтық фактілеріне қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Сондай-ақ полицияға тағы бір басқа елорда тұрғыны арызбен жүгініп, алаяқтық әрекеттердің құрбаны болғанын хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, өзін жақын туысы ретінде сендірген бейтаныс азамат қаржылай көмек сұраған. Тұрғын абайсызда ақша аударып жібергенін кейін түсініп, тәртіп сақшыларына жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Астана қаласы ПД криминалдық полиция басқармасының және «Есіл» ауданы полиция басқармасы КПБ қызметкерлері бірлесе отырып, Шымкент қаласынан алаяқтық жасады деген күдікпен сол аумақтың 24 жастағы азаматын ұстады.
Аталған күдікті әлеуметтік желі арқылы адамдарды алдап келген. Атап айтқанда Instagram қосымшасында ол жалған парақшалар ашып, өзін бұрынғы танысы немесе досы ретінде таныстырып, көмекке, қарызға деп ақша беруін өтінген. Бұған сенген кейбір азаматтар ақшаларын аударып үлгергені белгілі болды. Мәселен А. деген азаматша 10 мың теңге көлемінде қаражатын аударып жібергені нақтыланды.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның басқа да жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.