Елорда полицейлері күзетшінің ұрланған телефонын тауып берді
Елорда полицейлері күзетшінің ұрланған телефонын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада көлік жуу орталығы күзетшісінің телефоны ұрланды.
Алматы ауданы ПБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 25 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында белгілі болғаны, ер адам Мұстафин көшесінде орналасқан көлік жуу орталығына келіп, ұялы телефонын қуаттап алуды өтінген. Мекеме қызметкерлерінің сенімін пайдаланған қаскүнем, гаджетін қуаттап болған соң күзетшінің қараусыз жатқан Vivo телефонын да алып кеткен. Ол ұрланған гаджетті сатып алушыларға сатып жіберген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, заттай дәлелдеме тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Ер адамның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуға, жеке заттарын қараусыз қалдырмауға кеңес береді.