Елорда полицейлері тұрғынды тонап кеткен үш күдіктіні құрықтады
Елорда полицейлері бір түнде екі тонау қылмысын жасаған үш күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция бөліміне қала тұрғыны көшеде белгісіз адамдар шабуыл жасап, жеке мүлкін тартып алғаны туралы өтінішпен келген. Түнгі уақытта шамамен сағат 03:15-те көшеде өтіп бара жатқан жастар оның жанына келіп, сағат неше екенін сұрап, бірден әңгімеге тартқан. Ер адам телефонын алып, сұраққа жауап берген сәтте, қарақшылар оның беті мен арқасынан ұрып, Samsung телефоны мен құжаттары бар портмонені тартып алып, қаша жөнелген.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде Сарыарқа ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 19, 21 және 24 жастағы үш астаналықты анықтады.
Полицейлер сол түні жасалған тағы бір фактіге олардың қатысы бар екенін тергеу барысында білген. Олар үйдің кіреберісінде тұрып, тұрғынның Redmi телефонын ашық түрде жұлып алып, “ізін суытқан”.
Қазіргі уақытта аталған фактілерге сәйкес ҚР ҚК-нің 191-бабымен (Тонау) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Олардың елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Қазіргі уақытта күдіктілер Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Елордалық олиция департаменті сізге қатысты құқыққа қарсы әрекеттер жасалса, дереу полицияға немесе “102” мобильдік қосымшасы арқылы хабар беруді сұрайды.