Елорда полицейлері ұрлық қылмысын жасаған күдіктілерді анықтады
Елорда полицейлері ұрлық қылмысын жасаған күдіктілерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыарқа аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жабық ойын клубтарының бірінде ұрлық жасады деген күдікпен елорданың 24 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті түнде есікті жасырын ашып, клубқа кіріп, музыкалық динамик пен 13 LG теледидарын алып шыққан. Қаскүнем өз әрекетімен 2,3 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Артынша жас жігіт ұрланған құрал-жабдықтарды тұрмыстық техникаларды қабылдау пункттеріне өткізіп жіберген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның елордадағы басқа да осыған ұқсас фактілерге қатысы бар-жоғы анықталады.
Сондай-ақ Сарыарқа ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлық жасады деген күдікпен 44 жастағы қала тұрғынын анықтады. Тергеу барысында жәбірленуші үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ер адамды жалдағаны белігілі болды. Біраз уақыт жұмыс істеп жүрген қаскүнем үй иелерінің сеніміне кіріп, олар жоқта жатын бөлмеден қолма-қол ақша мен алтын сырғаны жымқырып кеткен. Осылайша 223 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Күдікті ұрланған алтынды ломбардқа өткізген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам мойындау көрсетпелерін берді, оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғына тексеру жүргізіліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды және бейтаныс адамдарға сенбеуді ұсынады.