Елорда полицейлері ұрлық қылмысының бірнеше дерегін анықтады
Елорда полицейлері ұрлық қылмысының бірнеше дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада жас жігіт өзгенің гаражынан көлік дөңгелектерін жымқырған
Полицияға елорда тұрғыны жүгініп, оның гаражынан 8 көлік дөңгелегі ұрланғанын айтып арызданған. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Байқоңыр ауданының жедел уәкілдері ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 19 жастағы астаналық азаматты анықтады.
Тергеу барысында белгілі болғаны, жігіт Сусамыр көшесінен өтіп жатып, иесі жоқ үйді байқаған. Қылмыстық оймен қаскүнем есік алдында тұрған гараждың құлпын бұзып, ішке кірген. Ішінен көлік дөңгелектерін және перфораторды алып шығып, оқиға орнынан «ізін суытқан». Осылайша 400 мың теңге материалдық шығын келтірген.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұрлыққа қатысы бар азамат кінәсін мойындап, оның Астанада бұрын жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Ер адам елорда тұрғынының құрылыс заттарын ұрлап кеткен
Елорда тұрғыны полицияға хабарласып, белгісіз біреу оның пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сатып алған құрылыс материалдарын иемденіп кеткенін жеткізген. Жәбірленушінің айтуынша, ол әлеуметтік желіден жөндеу жұмыстары туралы хабарландыру тауып алған. Қызметкерге телефон соғып, қызмет құны мен қажетті материалдарды келісіп алған. Әйел оған жұмысы үшін алдын ала 300 мың теңге аударып, кейін жөндеуге қажетті тауарларды сатып алған.
Мекенжайға жеткен ер адам әйелге жұмысты тезірек бітіремін деп сендірген. Үй иесі кеткеннен кейін қаскүнем барлық құрылыс материалдарын жымқырып, із-түссіз жоғалып, 785 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Сарыарқа ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 26 жастағы ер адамды анықтады. Ол кінәсін мойындап, айғақты заттар алынды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полицейлер велосипед ұрлаған елордалық азаматты анықтады
Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері велосипед ұрлады деген күдікпен 23 жастағы қала тұрғынын анықтады. Тергеу барысында жігіттің түнгі уақытта сол жақ жағалаудағы тұрғын үй кешендерінің біріне келгені белгілі болды. Ол үйдің кіреберісінде баспалдақ алаңының астында қауіпсіздік құлпымен бекітілменген велосипедті байқайды. Жан-жағында ешкім жоқ екеніне көз жеткізген соң, қаскүнем құны 150 мың теңге тұратын велосипедті алып кеткен.
Екі дөңгелекті көлікті ұрлап бара жатқан сәт ауладағы бейнекамераларға түсіп қалған.
Аталған фактіге қатысты 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, сондай-ақ оның осыған ұқсас тағы бір қылмысқа қатысы бары анықталды.
Елорда тұрғыны екі күнде төрт телефон ұрлаған
Байқоңыр ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында төрт ұрлық фактісіне қатысы бар деген күдікпен 27 жастағы елорда тұрғынын анықтады. Тергеу барысында ер адамның Уалиханов көшесіндегі тіс емханасына күндізгі уақытта келіп, шұғыл ем керек екенін айтқаны белгілі болды. Әкімшінің ем алу бөлмесіне дәрігерге кеткен сәтін пайдаланып, ол қылмыстық ниетпен үстелге тұрған Iphone 14 Pro телефонын алып, үй-жайдан шығып кеткен.
Бірнеше сағаттан кейін тағы да пайда іздеген қаскүнем Есіл ауданында орналасқан оқу орталығына келіп, ресепшнде ешкім жоқ екенін көрген соң Samsung телефонын алып, «ізін суытқан». Келесі күні дәл осындай тәсілмен ер адам екі медициналық орталықтың ресепшндерінен телефондар ұрлаған. Ұрланған гаджеттерді ол кездейсоқ адамдарға арзан бағаға сатып жіберген.
Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның елорда аумағында жасалған басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.