Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елорда тұрғыны есірткі контрабандасы үшін 7 жылға сотталды

Елорда тұрғыны есірткі контрабандасы үшін 7 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы жылдың ақпан айында Астана қаласының халықаралық әуежайында қызметтік-іздестіру итімен “Тосқауыл” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында көліктегі полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері есірткі затының контрабандасы күдігімен Астана-Анталия бағытындағы әуе рейсімен ұшпақ болған 47 жастағы елорда тұрғынын анықтап, ұстаған. Бұл туралы көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев айтты.

Жеке тінту барысында ұсталған азаматшадан жалпы салмағы 9 грамм болатын гашиш есірткі заты табылып, тәркіленді. Құқық бұзушы есірткі затын Түркия Республикасының Анталия қаласына барғаннан кейін жеке өзі пайдалану мақсатында алғандығын айтқан.

– Ұсталған азаматшаға қатысты көлік полицейлері сотқа дейінгі тергеу жүргізді. 27 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотымен әйел адам қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, – деді Б.Малыбаев.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері көліктегі ПД қызметкерлері 159 есірткі құқық бұзушылығын анықтады, оның ішінде 5 өткізу фактісі, 11 аса ірі көлемдегі сақтау, 5 контрабанда бойынша тіркелген.

Заңсыз айналымнан 31 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру