Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елорда тұрғыны тоқтап тұрған көліктің дөңгелегін ұрлап кеткен

Астана полицейлері тоқтап тұрған көліктің дөңгелегін ұрлап кеткен күдікті азаматты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана тұрғыны полицияға көлігінің дөңгелегі жоғалғанын айтып арызданған. Белгілі болғандай, қаскүнем қаланы аралап келе жатып, тоқтап тұрған көліктің жанынан көлік дөңгелегін байқап қалып, оны жүксалғышына тиеген. Жедел-іздестіру барысында Сарыарқа аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 33 жастағы қала тұрғынын анықтады.

Жәбірленушінің айтуынша, ол көлігінің дөңгелегін ауыстырмақ болған, бірақ оны көліктің қасында біраз уақытқа қалдырып, қосалқы бөлшектер алуға кеткен. Сол сәтті пайдаланған ер адам дөңгелекті ұрлап, 80 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.

Ұрлық болған сәт сыртқы бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Айғақты заттар алынды.       

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Осы жедел-іздестіру іс шарасын ұйымдастыруда жасалған қылмыстың ізіне түскен тәртіп сақшыларына елордалық полиция басшысының атына қала тұрғынынан алғыс хат келгенін де айта кеткен жөн. Алғыс хат иесі бір тәулікке жетпей күдіктіні анықтаған Сарыарқа аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері аға жедел уәкіл Нұржан Мұхамадиев пен Адлет Муфтахадиновке алғысын білдіретіні жеткізген.

– Тәртіп сақшылары кәсіби шеберлік таныта отырып, өз жұмыстарын мінсіз әрі жедел атқарды, – делінген хатта.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру