Елордада 300-ден астам есептегі сотталған қоғамдық жұмыс арқылы жазасын өтеуде
Елордада полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасалған заңға қайшы әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімшілік айыппұлдан бастап қылмыстық жазаға дейінгі түрлі жауапкершілік түрлері қарастырылған. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының бірі — қоғамдық жұмыстар.
Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша аумақтық пробация қызметтерінің есебінде қоғамдық жұмыстарға тартылған 321 сотталған азамат бар. Қоғамдық жұмыстар сотталғандардың заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыруға және сот шешімдерін орындауға жауапкершілікпен қарауға бағытталған. Қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазалардың орындалуын пробация қызметі қадағалайды. Белгіленген тәртіп бұзылған жағдайда заңға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Әдетте қоғамдық жұмыстар аумақтарды абаттандыруды, көшелер мен саябақтарды тазалауды, көгалдандыруды, коммуналдық қызметтерге көмектесуді, сондай-ақ арнайы біліктілікті талап етпейтін өзге де қоғамдық пайдалы еңбектерді қамтиды. Жұмыстар сотталғандардың бос уақытында орындалады. Заңнамаға сәйкес, жұмыс істейтін немесе білім алатын азаматтар қоғамдық жұмыстарды күніне 4 сағаттан аспайтын уақыт орындайды, ал жұмыссыз адамдар үшін бұл мерзім күніне 8 сағатқа дейін белгіленген. Кәмелетке толмағандар үшін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес қысқартылған жұмыс уақыты қарастырылған. Жалпы мерзімді сот белгілейді және ол құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай, әдетте, 60 сағаттан 300 сағатқа дейінгі аралықты құрайды.
Мәселен, елорданың 43 жастағы тұрғыны ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы бойынша сотталып, сот шешімімен оған 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалды. Тағы бір 32 жастағы азамат сот үкімімен 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Қазіргі уақытта ол қала аумағында қар тазалау жұмыстарын жүргізіп, 80 сағатын өтеп үлгерді.
Елорда полициясы жазаның бұлтартпастығы қағидаты құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды фактор екенін еске салады. Тіпті ауырлығы жеңіл қылмыстар үшін де құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылып, сот белгілеген міндеттерді орындауға тиіс. Полиция қызметкерлерінің жұмысы құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесумен ғана шектелмей, сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етуге де бағытталған. Бұл қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің нығаюына ықпал етеді.
