Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада 33 азамат мас күйде көлік тізгіндеген

Елорда полицейлері үш күн ішінде мас күйде көлік тізгіндеген 33 жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Мас жүргізуші – қылмыскер!» жергілікті рейдтік шарасы өтті. Үш күн ішінде елордада 1800-ге жуық жол ережесін бұзу фактісі анықталып, наркология және психиатрия орталығына 33 жүргізуші мас күйін анықтау үшін жіберілді. 27 жүргізушінің мас болу дәрежесі анықталып, 3 жүргізуші медициналық тексеруден өтуден бас тартты.

Аталған 3 жүргізуші тиісті тестілеуден өткен соң қорытындысы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін барлық жүргізушілерге қатысты 15 тәулікке қамауға алуға және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғатын әкімшілік іс қозғалды. Үш жүргізушіге қатысты мас күйінде медициналық тексеруден өтуден бас тартқандары үшін ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабының 4-бөлігімен әкімшілік іс қозғалды.

– Медициналық тексеруден өтуден бас тарту – белгіленген тәртіппен 15 тәулікке қамауға алу және 8 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады, – деді Астана қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Дәурен Қазбеков.

Рейд барысында көлікті жүргізуге құқығы жоқ 6 жүргізуші ұсталды, бір жүргізуші жалған нөмірмен көлік жүргізген. Айыптұраққа 34 көлік пен 17 мотоцикл қойылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру