Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада алаяқтық жасаған күдікті ұсталды

Елордада алаяқтық жасаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласының полицейлері 34 жастағы ер адамды алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады.

Тергеудің алдын ала мәліметінше, күдікті азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнатып, шетелден арзан бағамен автокөлік әкеліп беремін және барлық құжаттарды заңды түрде рәсімдеймін деп уәде берген. Осы мақсатта ол жәбірленушілерден ірі көлемде қаражат алып, өз міндеттемелерін орындамаған.

Жәбірленушілердің айтуынша, олар күдіктіге сенген, себебі ол бұрыннан таныс болып, өзін беделді адам ретінде таныстырған. Осылайша ол азаматтардың сенімін теріс пайдаланып, қаржысын иемденген.

Қазіргі уақытта полицейлер күдіктінің осыған ұқсас алаяқтықтың кемінде бес эпизодына қатысы барын анықтады. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 750 мың теңгеден асты.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция азаматтарға сақтық шараларын сақтауды ескертеді:

  • ірі көлемдегі қаражатты тек ресми келісімшарттар негізінде беріңіздер;

  • қызмет көрсетуге уәде берген адамның сенімділігіне толық көз жеткізбей қаржы аудармаңыздар;

  • күмәнді жағдай туындаған сәтте дереу полицияға хабарласыңыздар.

Полиция департаменті тағы да еске салады: кез келген мәміледе қырағылық пен сақтық таныту – алаяқтардың құрбаны болмаудың басты кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру