Елордада алаяқтықпен айналысып жүрген күдікті анықталды
Елордада алаяқтықпен айналысып жүрген күдікті анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының полиция қызметкерлері ауқымды алаяқтық дерегін әшкереледі.
Тергеу материалдарына сәйкес, 37 жастағы әйел қаржылай көмек көрсетемін деген желеумен жәбірленушінің сеніміне кірген. Ол өзін несие рәсімдеу саласында тәжірибесі бар маман ретінде таныстырып, мемлекеттік бағдарлама арқылы 8 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алып беремін деп уәде еткен.
Азаматтың сеніміне кірген күдікті түрлі сылтаумен алдын ала төлем талап етіп, нәтижесінде жәбірленушіден жалпы сомасы шамамен 5 млн теңгені иемденген.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі таңда оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу аясында полицейлер күдіктінің дәл осындай 30-дан астам эпизодқа қатысы бар екенін анықтады.