Елордада алғаш рет «Динамо» кубогы үшін теннистен турнир өтті
Теннис – ең әдемі әрі спортшылар үшін қауіпсіз спорт түрі. Жыл сайын Қазақстанда тенниске қызығушылардың саны артып келеді. Оған себеп – Елена Рыбакина, Александр Бублик сынды спортшыларымыздың әлемдік аренадағы жарқын жеңістері. «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы кубогы үшін өткен турнирдің мақсаты да осы. Азаматтар мен ішкі істер органдары қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Спорттық шара Қазақстан полициясы күніне орай өткізілді. Жарысқа еліміздің теннис федерациясы мен «Дәулет» теннис орталығы қолдау көрсетті.
Сайыстың ашылу рәсіміне мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, бас прокуратураның өкілі Сәбит Нұрлыбай, Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев, бокстан әлем чемпионы Нұрбек Оралбай қатысты.
Ішкі істер министрі, «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының төрағасы Марат Ахметжанов спортшыларға сәттілік тіледі.
– Қоғамымыз қылмыстан, құқық бұзушылықтан таза болсын деп, жас буынды егемен еліміздің заң сыйлайтын, халқын ойлайтын, жарқын болашақты құратын азаматтары болсын деп, осы турнирді өткізіп жатырмыз. Қош келдіңіздер! – деді ол.
Мәдениет және спорт министрі бұл турнирді жыл сайынғы дәстүрге айналдыру керек екенін айтып, қолдау білдіретінін жеткізді.
50-ге жуық теннисші жұптық турнирге қатысуға ниет білдірді.
Еліміздің бас полицейі де бәсекеден қалыс қалмады. Кортта ширақ қимылдап, шеберлігін ортаға салды.
– Мен ғана емес, тағы да басқа біздің қызметкерлер қатысып жатыр бұл жарысқа. Үлкен теннис бойынша тұңғыш рет өтіп жатқан сайыс. Аттарын Қазақстанның спорт тарихына алтын әріппен жазған азаматтар – «Динамо» қоғамының мүшелері. Біз мұны мақтан тұтамыз, – деді Марат Ахметжанов.
«Динамо» кубогы үшін таласта шетелдік ойыншылар да бой көрсетті. Беларусь, Өзбекстан, Әзірбайжан сынды елдердің өкілдері теннистің дамып, онымен айналысатын адамдардың көбейіп жатқаны қуантарлық жағдай екенін жасырмады.
– Тенниспен балалар да, үлкен кісілер де шұғылдана алады. Астанада теннис қарқынды түрде дамып келеді, арнайы орталықтар салынып жатыр. Бүгін осында ойнап жатқаныма қуаныштымын. Енді келесі жылы үлкен командамен келсек деп жоспарлап отырмыз, – деді Әзірбайжан елінің өкілі Рамис Алафердиев.
«Динамо» – тарихы тереңнен бастау алатын спорт ұйымы. Еліміздің ұлттық құрамаларындағы спортшылардың басым көпшілігі динамо тәрбиеленушілері. Дене шынықтыру-спорт қоғамының бұқаралық спорт түрін дамытуда да үлесі зор.
Енді турнирдің бас кубогы әр жыл сайын дәстүрлі түрде жеңімпаздан жеңімпазға табысталып отырады.