Елордада алкогольге мас болған жүргізуші жауапқа тартылды
Елордада алкогольге мас болған жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Демалыс күндері "Мас жүргізуші — қылмыскер!" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері алкогольдік мас күйде көлік басқару фактілерін анықтауда. Өткен демалыс күндері осындай 20 құқық бұзушылық тіркелді.
Түнгі уақытта патрульдеу барысында Шәмші Қалдаяқов көшесінде полиция қызметкерлері Toyota Camry автокөлігін тоқтатты. Рөлде алкогольдік мас күйдің айқын белгілері бар 36 жастағы ер адам болған. Тексеру барысында көлік құралының иесі жолаушы орындығында отырғаны және оның да мас күйде болғаны, сондай-ақ автокөлікті басқаруды өзінің мас танысына бергені анықталды.
Медициналық куәландыру екі азаматтың да алкоголь қолданғанын растады. Құқық бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылданды.
Сот қаулысымен екі азамат та 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, әрқайсысына 15 тәулікке қамау тағайындалды.
Жыл басынан бері алкогольдік мас күйде көлік басқару фактілері бойынша 54 құқық бұзушылық анықталды.
Полиция мас күйдегі адамға көлік басқаруды беру — мас күйде көлік жүргізумен тең дәрежедегі ауыр құқық бұзушылық болып саналады және дәл сондай жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
