Елордада Ақмола облысының тұрғыны өзгенің көлігінен автобөлшектерді қолды қылған
Елордада Ақмола облысының тұрғыны өзгенің көлігінен автобөлшектерді қолды қылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқоңыр ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында автокөліктен ұрлық жасады деген күдікпен 21 жастағы Ақмола облысының тумасын анықтады. Тергеу барысында анықталғанындай, жас жігіт түнгі уақытта Бөгенбай көшесімен жүріп бара жатып, тұрақта тұрған өзінікіндей ВАЗ-2114 көлігін байқаған. Қылмыстық пиғылмен көлікке келіп, қаскүнем көліктің есіктерін тартып көрген және бір есігі ашық қалғанын пайдаланып, салонға кірген.
Күдікті көліктен Volta аккумуляторын, дискіні, қосалқы дөңгелекті және төрт дискінің қақпағын алып шыққан. Ұрланған автобөлшектерді қаскүнем өзінің көлігіне орнатпақшы болған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жас жігіт кінәсін мойындады, оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.