Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада әскерлердің командалық құрамына арналған бес күндік жедел жиын аяқталды

Елордада орналасқан Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің базасында құқықтық тәртіп әскерінің биылғы жоспарына сәйкес Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақановтың басшылығымен әскерлердің командалық құрамымен бес күндік жедел жиын өткізіліп, қорытындыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – офицерлердің жауынгерлік даярлық іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізудегі әдістемелік дағдыларын жетілдіру, әскерлердің жауынгерлік қызметінің аспектілерін жақсарту, сондай-ақ командирлердің біліктілігі мен шеберлігін арттыру, озық тәжірибемен алмасу, атыс және әдістемелік даярлықты тексеру болды.

Жиын барысында оқу-жаттығулар өтті. Командирлер далалық жағдайда армиялық оқытудың «Мен сияқты істе!» қағидатын басшылыққа ала отырып, іс жүзінде алға қойылған міндеттерді орындады. Өйткені, командир жеке құрам үшін үлгі болып саналады.

Бес күн ішінде командирлер кәсіптік-лауазымдық даярлық, тактика және жедел өнер, сондай-ақ атыс даярлығы мен әскерлерді басқарудың негізгі пәндері бойынша сынақтардан өтті. Сонымен қатар жиынға қатысушылар басшылық құжаттар мен бұйрықтарды білу бойынша тестілеуден өтті. Бұл ретте жиынды ұйымдастырушылар тәжірибелік сабақтарды өткізуге баса назар аударды, онда командирлер әртүрлі қару түрлерінен, соның ішінде түнгі жағдайларда ату бойынша өз дағдыларын көрсетті. Сондай-ақ нақты ұрыс жағдайларына бейімделген түрлі сигналдар бойынша іс-қимылдарды пысықтады.

Сабақ кестесіне сәйкес жиындарды өткізу бағдарламасында демонстрациялық, нұсқаушы-әдістемелік және практикалық сабақтар өткізу көзделді, оның барысында жиынға қатысушыларға әскерлердің қызметтік-жауынгерлік қызметінің негізгі бағыттарын айқындайтын басшылық құжаттар мен директивалардың ережелері жеткізілді.

Екінші күні 5573 әскери бөлімінің спорт кешенінде офицерлер үшін қоян-қолтық ұрыстан сабақ өткізу әдістемесі бойынша оқу өткізілді. Бұл ретте командирлерден қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгеру бойынша сынақтар қабылданды.

Сонымен қатар тактика және жедел өнер, тактикалық-атыс даярлығы, байланыс және әскери-медициналық дайындық бойынша сабақтар да өтті.

Ақмола облысының аумағында орналасқан Мемлекеттік күзет қызметінің «Майлан» полигонында жедел жиналудың үшінші күні Ұлттық ұланның командалық құрамы далалық жағдайларда жауынгерлік даярлықтың тактикалық тәсілдерін пысықтауға кірісті. Атап айтқанда, командирлер техникалық дайындық, ату, тактика және оперативтік өнер бойынша жаттығулар орындайтын кешенді сабақтарға қатысты.

Жиынға қатысушылар жаңа үлгідегі бронды дөңгелекті көліктердің жауынгерлік және техникалық мүмкіндіктерімен алғаш рет танысты. Содан кейін олар әртүрлі қару-жарақ үлгілерінен бөлімшелер (топтар) құрамында жауынгерлік атыс жасады. Сондай-ақ қатысушыларға ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің ұшқышсыз ұшу аппараттары бөлімшелерінің жауынгерлік мүмкіндіктері көрсетілді. Ал атыс дайындығы барысында әскери бөлімдердің командирлері 57 миллиметр калибрлі автоматты зениттік зеңбіректен және 23 миллиметр калибрлі зениттік қондырғыдан оқ атты.

Офицерлер әр түрлі қару-жарақпен жауынгерлік көліктердің бортынан нысананы көздеп, жарылғыш зат лақтырды. Сондай-ақ әскери қызметшілер үшін шартты түрде тікелей әрекет ету аймағында болған барлау-іздестіру тобының түнеуін ұйымдастыру бойынша практикалық сабақ өткізілді.

Келесі күні жиын взводтық тірек пунктін жабдықтау тәртібі, траншеялардағы шабуылдау әрекеттері, жаралар мен жарақаттар кезінде көмек көрсету және мина алқаптарынан өту жолдары бойынша кешенді практикалық сабақтарымен жалғасты.

Қатысушылар үшін қолданбалы химия циклінде өнімдер көрсетілді, содан кейін олар әртүрлі қару үлгілерінен бөлімшелер (топтар) құрамында жауынгерлік атуды орындады.

Ал «Қаптағай» біріккен оқу орталығының автодромында командирлерге брондалған техникамен күрес тәсілдері бойынша практикалық сабақ көрсетілді.

Жедел жиын елордалық Ұлттық ұлан бригадасының базасында қорытындыланды.

– Жалпы кешенді сабақтар жоғары деңгейде өткізілді. Практикалық дағдыларға ерекше назар аударылды, онда өңірлік қолбасшылық қолбасшылары мен әскери бөлім командирлері жауынгерлік техникамен өз бетінше жүрді, шерулер өткізді және берілген координаттар бойынша шатырлы қалашықта орналастыруды ұйымдастырды. Ендігі кезек командирлердің өзінде. Олар қызмет орындарына оралғаннан кейін қол астындағы жеке құрамына алған білімін және жиған тәжірибесін бөлісуі тиіс. Алда бізді қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеттерімізді орындау дағдыларын жетілдіру және тәсілдерін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Жазғы оқу кезеңінде әрбір әскери қызметшінің өз ісінің кәсіпқойы болуы үшін жеке құрамның жауынгерлік даярлық деңгейін және олардың үйлесімділігін көтеруді талап етемін, – деді Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов жиынды қорытындылау кезінде.   

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов «2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әскери тәртіптің, заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы» баяндама жасады. Содан кейін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Бауыржан Әбжанов Бас қолбасшының жеке құрамды көтермелеу туралы бұйрығын оқыды. Бес күндік оқу-жаттығу қорытындысы бойынша ең үздік әскери қызметшілер «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгілерімен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Осылайша, өткізілген іс-шаралар командалық құрамның күнделікті қызметті ұйымдастырудағы, жауынгерлік даярлықтағы, техника мен қару-жарақты пайдаланудағы практикалық дағдыларын едәуір жақсартты.

Өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшыларына және әскери бөлімдердің командирлеріне далалық шығу және командирлік дайындық сабақтары кезінде батальон, рота және взвод командирлерімен осындай жергілікті жиындарды өткізу міндеті қойылды. Бұл батальондық және роталық буын офицерлерінің қару-жарақты, техникаларды, арнайы құралдар мен байланыс құралдарын сенімді қолдану барысындағы білімдерін жетілдіру үшін қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру