Елордада автокөлік ұрлаған адам ұсталды: оқиға видеокамераларға түсіп қалған
Астанада полиция қызметкерлері бөтеннің көлігін айдап әкеткен адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шағымданушының айтуынша, мереке күндері ол жаңа жылдық сыйлықтарды жеткізіп жүрген. Клиенттердің үйіне бірнеше минутқа кіріп шыққан ер адам автокөлікті қосулы күйінде қалдырып отырған. Келесі бір жеткізілімнен кейін подъездден шыққанда ол өзінің Nissan Cefiro көлігінің жоғалып кеткенін байқаған. Осыдан кейін ер адам дереу полицияға хабарласқан.
Тексеру барысында анықталғандай, ер адам мас күйінде қосулы тұрған автокөлікті көріп, еш кедергісіз айдап кеткен.
Патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру нәтижесінде оны тез арада ұстап алды. Қазіргі уақытта бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.