Елордада аялдама павильонына зиян келтірген екі тұрғын анықталды
Елордада аялдама павильонына зиян келтірген екі тұрғын анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері қоғамдық орындардағы нысандарға зақым келтірудің екі фактісін анықтады. Бірінші жағдайда 40 жастағы ер адам мас күйінде Шоқан Уәлиханов көшесіндегі аялдама павильонын бүлдірген. Ол аялдаманың әйнек есігіне бірнеше рет соққылап, соның салдарынан есік сынған. Соттың қаулысына сәйкес, құқық бұзушы 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Екінші жағдайда Бөгенбай батыр даңғылында 19 жастағы жас жігіт те мас күйінде жанжал барысында жеке нысанның сыртқы қабырғасына аяқпен соққы жасап, жылы аялдаманың жанындағы жарнамалық құрылымды және қабырғаның бір бөлігін бүлдірген. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша ол 10 тәулікке қамауға алынып, әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдағышқа жеткізілді.
Аталған фактілер бойынша келтірілген материалдық залалдың сомасы есептеліп, кейін оны өтеу туралы талаптар қойылатын болады. Жыл басынан бері осындай құқық бұзушылықтар үшін шамамен 3 мың адам жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру бойынша 200-ден астам дерек тіркелді.
Полиция қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтарға жол бермеу керектігін еске салады және азаматтарды заңды қатаң сақтауға шақырады.
