Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада балалар лагеріне жалған жолдама сатқан күдікті ұсталды

Елордада балалар лагеріне жалған жолдама сатқан күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді пайдаланып бірнеше алаяқтық жасаған 23 жастағы жігітті ұстады. Алдын ала деректер бойынша, күдікті әлеуметтік желілердің бірінде Zhastar_camp деген атпен Бурабайдағы демалыс аймағында орналасқан балалар лагеріне жолдама сатып алуды ұсынып отырған. Ол клиенттерден алдын ала төлемді банк картасына аударуды талап етіп, кейін байланысқа шықпай кеткен.

Мәселен, елорда тұрғыны баласын жазғы демалысқа жібермек болып, күдіктінің есепшотына 120 мың теңге аударған. Ақша қолына тиген соң, алаяқ байланысын үзген.

Ұсталған азаматтың осындай 15-ке жуық қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Қазіргі таңда оның тағы бір осындай құқық бұзушылыққа қатысы бар фактісі белгілі болды. Барлық тергеу амалдарының нәтижесі бойынша қылмыстық іс аясында тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Полиция азаматтарды ұсынылып отырған қызметтердің шынайылығын мұқият тексеруге шақырады. Бейтаныс адамдардың сенімділігі расталмайынша, ақша аудармаңыздар. Алаяқтық белгілерін байқасаңыздар, дереу полицияға жүгініңіздер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру