Елордада есірткі жасырумен айналысқан күдікті қолға түсті
Елордада учаскелік полицейлер есірткі жасырумен айналысатын адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту мақсатында елордалық полиция департаментінің қызметкерлері барынша пысықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мәселен, «Қоғамдық қауіпсіздік» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Байқоңыр ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторлары Арман Болғанбаев Руслан Әбілқайыров әкімшілік учаскені аралау кезінде Абай даңғылында күдікті ер адамды байқаған. Ол қардың арасынан бірдеңе іздеп жүріп, полиция қызметкерлерін көргенде қобалжып, жасырынуға тырысқан.
Алайда полицейлер қашып бара жатқан адамды қуып жетіп, қашу себебі мен құжаттарын сұраған.
24 жастағы азамат өзінің берген көрсетпелерін шатастыра бастаған және тыйым салынған заттардың барын жоққа шығарған. Содан кейін ол меф есірткі заттарын жасырумен айналысатынын мойындаған және 30-ға жуық есірткі салынған түйіншек барын айтқан. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр.
Учаскелік инспекторлардың қырағылығының арқасында есірткі жасырумен айналысатын адам қолға түсті.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.