Елордада нашақорлықтың алдын алу кеңесінің мүшелері студенттермен кездесті
Елордада нашақорлықтың алдын алу кеңесінің мүшелері студенттермен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында полиция "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында нашақорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және есірткі қатеріне қарсы іс-қимылды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Жастармен кездесулер полиция департаменті жанындағы нашақорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерінің қатысуымен өтеді. Кеңес – полиция мен қоғамға танымал тұлғалардың, атап айтқанда спортшылардың, қоғам қайраткерлері мен медиа өкілдерінің бірлескен жұмыс алаңы.
"Turan-Astana University" жоғары оқу орнында өткен кезекті кездесуде полицейлермен бірге белгілі спикерлер — спортшы Илья Ильин, журналист әрі блогер Динара Сатжан, актер және кәсіпкер Ноян Ауғанов, блогерлер Артур Аскарұлы мен Сайлаубек Ерғазы, дәрігер-резидент психиатр Русалина Молдахметова, сондай-ақ Астана қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дамир Байбазаров — студенттерге есірткінің зияны, оларды сақтау мен тарату үшін көзделген заңды жауапкершілік туралы жан-жақты түсіндірді.

Спикерлер өмірлік маңызды шешімдерді қабылдау, дұрыс таңдау жасау және студенттік кезеңдегі мүмкіндіктерді тиімді пайдалану жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар жастардың әлеуетін арттырып, жеке тұлғалық дамуға жол ашатын кезеңнің маңызын ерекше атап өтті.
Кездесу барысында кинологиялық қызмет орталығы мен жылдам қимылдайтын арнайы жасағының көрсетілімдері студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен техникалық мүмкіндіктері көрнекі түрде таныстырылды.

Жыл басынан бері елордадағы 200-ден астам білім беру мекемесінде ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылып, жастар арасында кең ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Студенттер спорттық турнирлерге, веложарыстарға, автопробегтерге, түрлі сайыстар мен матчтарға қатысты. Сонымен қатар есірткі граффитиін өшіру, есірткіні жарнамалайтын интернет ресурстарын анықтау сияқты практикалық бастамаларға да белсенді атсалысты.
Барлық іс-шаралар "Астана – есірткісіз қала" ұранымен өтті. Бұл формат жастар мен полиция арасында ашық диалог қалыптастыруға, есірткінің қауіптілігі туралы толық әрі түсінікті ақпарат беруге және наркоқауіпке қарсы тұрақты қоғамдық ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік берді.
