Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада "нөлдік төзімділік" қағидаты аясында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде

Елордада "нөлдік төзімділік" қағидаты аясында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласы полиция департаменті қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында "нөлдік төзімділік" қағидатын басшылыққа ала отырып, жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.

Аталған қағидат қоғамдағы ұсақ құқық бұзушылықтарға да бейжай қарамауды көздейді. Яғни заң бұзушылықтың ауқымы мен сипатына қарамастан, оған заң шеңберінде дереу шара қолдану қарастырылған.

Мұндай құқық бұзушылықтардың қатарына қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу, белгіленбеген жерлерде темекі шегу, қоқыс тастау, ұсақ бұзақылық және қоғамдық тыныштықты бұзу фактілері жатады.

Жуырда түнгі сағат 03:00 шамасында Абай көшесінің бойындағы барлардың бірінде 33 жастағы азамат қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, төбелеске қатысқаны анықталды. Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері құқық бұзушыны ұстады. Оның әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша сараланып, тиісті әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ Күйші Дина көшесінде күдікті бір азамат пен азаматша ұсталды. Медициналық куәландыру нәтижесінде олардың каннабиноидтар тобына жататын психоактивті заттарды қолданғаны, алайда мас күйінде болмағаны анықталды. Бұл дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 440-1-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама рәсімделіп, іс сот қарауына дейін ұсталды.

Астана қаласы полиция департаменті елордалықтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, заң талаптарын орындауға және өздерінің әрі өзгелердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Полиция департаменті атап өткендей: "Нөлдік төзімділік – бұл тек тәртіп сақшыларының емес, әрбір азаматтың қоғам алдындағы ортақ жауапкершілігі".

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру