Елордада полицейлер ауқымды мәдени іс-шарада қауіпсіздікті қамтамасыз етті
Елордада полицейлер ауқымды мәдени іс-шарада қауіпсіздікті қамтамасыз етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері елордада "BaiQymyz" мәдени фестивалі өтті. Шара мыңнан астам азаматты біріктірді.
"Қазанат" ипподромының аумағында жәрмеңкелер, халық өнері көрмелері, фольклорлық қойылымдар, танымал әртістердің концерттері, отбасылық демалыс аймақтары мен балалар алаңдары ұйымдастырылды. Фестиваль ұлттық мәдениетті насихаттайтын, ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын маңызды алаңға айналды.
Іс-шара өткен екі күнде полиция қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Қызметкерлер халық көп жиналатын орындар мен жақын маңдағы көшелерде күшейтілген режимде қызмет атқарды.
Полиция тек жол қозғалысын ұйымдастыру мен автотұрақтарды реттеуге ғана емес, сонымен бірге жалпы қауіпсіздікке: құқық бұзушылықтың алдын алуға, даулы жағдайлардың туындауына жол бермеуге, балалармен жүрген ата-аналар мен туристерге көмек көрсетуге баса назар аударды.
Мысалы, бірнеше жағдайда полицейлерге баласын жоғалтып алған ата-аналар жүгінген. Құқық қорғау қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында барлық бала жылдам табылып, ата-аналарына аман-есен тапсырылды.
Фестиваль оқыс оқиғаларсыз, жылы әрі достық атмосферада өтті. Бұл – қызметтердің үйлесімді жұмысы мен азаматтардың саналы әрекетінің нәтижесі.