Елордада полицейлер әжейді алдап соққан дроппелерді әуе рейсінен түсіріп алды
Астанада тәртіп сақшылары 84 жастағы қарияны 13 миллион теңгеге алдап соққан алаяқтық схеманы әшкереледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Белгілі болғандай, қылмыскерлер жәбірленушімен байланысып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар телефон арқылы егде жастағы әйелге оның әпкесі жол-көлік оқиғасына кінәлі деп жалған ақпарат жеткізген. Жарақат алған адамды шұғыл емдеуге қаражат қажет деген сылтаумен алаяқтар әйелді қомақты соманы қолма-қол тапсыруға көндірген.
Алданғанын кеш түсінген қария бірден полицияға жүгінді. Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары күдіктілердің жеке басын анықтап, олардың елден әуе рейсі арқылы кетуге тырысып жатқанын анықтады. Полицейлер қаскөйлерді тікелей ұшақ ішінде қолға түсірді.
Тексеру барысында күдіктілерден 11 мың АҚШ долларынан астам қаржы тәркіленді. Анықталғандай, олар ақшаның бір бөлігін жұмсап үлгерген. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер – көрші елдің азаматтары. Олар Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды сақ болуға шақырады. Құқық қорғау органдарының атын жамылған бейтаныс адамдарға сенбеуге, күмәнді жағдайларда жақындарыңызбен кеңесіп, бірден полицияға хабарласуға кеңес береді. Әсіресе, егде жастағы адамдардың алаяқтардың негізгі нысанасына айналатынын ескере отырып, оларға мұндай жағдайларда қалай әрекет ету керектігін түсіндіру маңызды.