Елордада полицейлер бес азаматты алдаған алаяқты ұстады
Елордада полицейлер бес азаматты алдаған алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордалық полицияға алаяқтық фактілері туралы бес азамат арызбен жүгінген.
Пәтерлерді жалға беру туралы хабарландыру сайтында азаматтар бір нөмірге жүгінгені анықталды, онда әйел өзі тұратын жалдамалы пәтерді жалға берген. Жалға берілетін тұрғын үйдің құны арзан болғандықтан, бұл әлеуетті жалға алушыларды қызықтырған.
Әртүрлі күндері ол болашақ тұрғындарға пәтерді көрсетіп, екі ай үшін алдын ала төлем жасауды өтініп, осылайша өзінің банктік шотына аудару арқылы ақша алған. Келіскен күні мекенжайға келген жалға алушылар пәтердің есіктері жабық екенін және үй иесі қоңырауларға жауап бермейтінін анықтаған. Осыдан кейін алданған азаматтар полицияға жүгінген.
Сарыарқа ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 31 жастағы әйелді анықтады, ол ақша алғаннан кейін басқа қалаға кетіп қалған. Әйел өзінің әрекетімен жалпы сомасы 800 мың теңгеге материалдық шығын келтірген. Сондай-ақ, ол алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсағаны анықталды.