Елордада полицейлер бірқатар есірткі қылмысының бетін ашты
Елордада полицейлер бірқатар есірткі қылмысының бетін ашты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада полиция есірткі құралдарының заңсыз айналымын тоқтату бағытындағы жұмысын қарқынды жалғастырып жатыр.
Астанада полиция қызметкерлері пәтерден есірткі қоймасын анықтады. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен елорданың 22 жастағы тұрғынын ұстады. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайы бойынша жүргізілген тінту кезінде пәтердің ас үй бөлмесінен марихуана, гашиш майы және каннабис шайыры табылып, тәркіленді.
Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы шамамен 2 келіні құрады. Анықталғандай, күдікті қоймада есірткінің партияларын қабылдап, сақтап, кейін интернет арқылы таратылуы үшін басқа адамдарға берген. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Сонымен қатар полиция жедел іс-шаралар барысында ірі көлемдегі есірткі заттарымен 53 жастағы шетел азаматын ұстады. Жеке тінту кезінде ер адамның жанынан өсімдік тектес, өзіне тән иісі бар жасыл түсті зат салынған екі орама табылды. Аталған зат марихуана екені анықталды.
Ұсталған адамның тұрғылықты мекенжайы бойынша жүргізілген тінту барысында полицейлер ас үйде, пештің астынан – екі түссіз пакет пен электронды таразыны, қонақ бөлмеде – 30 пакеті бар сөмке мен қорапты, балконда – рюкзак пен тағы 15 пакет, сондай-ақ үш пластмасса ыдысты тәркіледі. Көрсетілген орындардың барлығынан өзіне тән иісі бар сұр-жасыл түсті зат табылып, оның гашиш екені белгілі болды.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 17 келіден астам гашиш пен 1 келі марихуананы құрады. Барлық табылған заттар алынды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот шешімімен ер адам қамауға алынды.
Полиция есірткі құралдарының заңсыз айналымына, оның ішінде сақтау мен таратуға қатысу қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Азаматтарды интернет пен анонимді мессенджерлер арқылы ұсынылатын жеңіл табысқа алданбауға, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымы туралы барлық мәліметті дереу полицияға хабарлауға шақырады.
