Елордада полицейлер болашақ спортшыларға киберқауіпсіздік туралы айтты
Есіл ауданы полиция басқармасының қызметкерлері Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының студенттерімен профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара ІІМ-нің 2023-2025 жылдарға арналған киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алу жөніндегі бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Полицейлер болашақ спортшыларға киберқауіпсіздік ережелерін сақтау маңыздылығын түсіндірді. Әсіресе "Дроппер деген кім?" тақырыбына ерекше назар аударылды. Қатысушыларға қаскөйлердің азаматтарды өздерінің банк карталары мен деректерін пайдаланып, заңсыз әрекеттерге қалай тартатыны түсіндірілді.
Кездесу барысында кибералаяқтықтың нақты мысалдары мен мұндай қылмысқа қатысқандардың жауапкершілігін көрсететін бейнероликтер көрсетілді.
Полицейлердің айтуынша, цифрлық кеңістіктегі қырағылық пен ақпараттану – қауіпсіздіктің басты кепілі. Әсіресе интернет пен әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланатын жастар үшін бұл өте маңызды.