Елордада полицейлер мен қызметтік ит жоғалған ер адамды тапты
Елордада полицейлер мен қызметтік ит жоғалған ер адамды тапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада полицияның жедел тобы көшеде адасып қалған қарияны тауып, отбасына қайтарды.
Оқиға қала тұрғынының жұбайын серуендеу кезінде көзден жоғалтып алған сәтінде болған. Өздігінен іздеу нәтиже бермеген соң, әйел құқық қорғау органдарынан көмек сұраған.
Жедел әрекет ету тобы дереу оқиға орнына келді. Оның құрамында кинологиялық қызмет орталығының маманы Әлібек Досмағанбетов Феликс атты қызметтік итпен және Сарайшық ауданы полиция басқармасының жедел уәкілі Алдияр Әшім болды. Қызметтік ит қарияның жеке заттары арқылы иісін алып, көп ұзамай оны табуға көмектесті.
Полицейлердің жедел әрі үйлесімді іс-әрекетінің нәтижесінде қария бір сағатқа жетпей аман-есен табылып, үйіне жеткізілді. Әйел адам тәртіп сақшыларына сезімталдығы, кәсібилігі және жанашырлығы үшін алғыс айтты.
Полиция тұрғындарға қарт жастағы туыстарына қамқорлық жасаудың маңыздылығын еске салып, олардың қауіпсіздігіне қатысты күмәнді жағдай туындаған кезде уақыт оздырмай 102 нөміріне хабарласуға шақырады.