Елордада полицейлер отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кешенді шаралар жүргізуде
Елордада полицейлер отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кешенді шаралар жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Іс-шара аясында Астана қаласы полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімі зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ халық арасында ақпараттық, білім беру және тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастыру бағытында жұмыстануда.
Жыл басынан бері 100-ге жуық түрлі қоғамдық іс-шара өткізілді. Адамдар көп жиналатын сауда-ойын-сауық орталықтары, саябақтар, оқу орындары мен еңбек ұжымдарында - дәрістер, семинар-тренингтер және дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Әрбір отбасындағы қолайсыз жағдайға дер кезінде әрекет ету, зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде шаралар қабылдау тәртіп сақшыларының міндеті болып табылады.
Осыған байланысты отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің инспекторлары отбасылық жұптармен кешенді профилактикалық жұмыс жүргізеді. Іс-шаралар барысында басты назар отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын түсіндіруге, зардап шеккендердің құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті түсіндіруге бағытталады.
Ерлі-зайыптыларға заңнама нормалары, психологиялық және құқықтық көмек алу тетіктері түсіндіріледі. Бұдан бөлек, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, өзара түсіністікті арттыруға және даулы жағдайларды бейбіт жолмен шешуге арналған әңгімелер жүргізіледі.
