Елордада полицейлер жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу акциясын өткізуде
Елордада полицейлер жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу акциясын өткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дүниежүзілік жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні аясында елордада «Жол қауіпсіздігі апталығы» республикалық акциясы басталды. 11-17 қараша аралығында қалада мектеп оқушылары, автомектеп оқушылары, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында жол қауіпсіздігі мәселесіне назар аударуға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Акцияның негізгі бастамаларының бірі Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының қолдауымен ұйымдастырылған донорлық акция болды. Оған Астана қаласы ПД мен ТЖД нің саптық бөліністерінің қызметкерлері қатысты. Қоғамдық қолдаудың мысалы ретінде ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Скендер Сыла қан тапсырды.
– Жыл сайын қарашаның үшінші жексенбісінде Дүниежүзілік жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні аталып өтеді. Осы күннің маңыздылығын қолдау үшін бүгін мен Астана қаласының Полиция департаментінде қан тапсыруға қатысудамын. Бұл күні біз жол-көлік оқиғасы салдарынан өмірі қиылғандарды еске алып, жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы туралы ойланамыз. Әрбір жол қозғалысына қатысушы өзінің және басқалардың қауіпсіздігіне жауапты. Жолдардағы қайғылы оқиғалардың алдын-алу үшін күш біріктірейік, – деп атап өтті ол.
Қан тапсыру кейбір полиция қызметкерлері үшін алғашқы тәжірибе болса, ал басқалары тұрақты негізде донор болып табылады. Бір қан тапсыру үш адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін, ал әрбір полиция қызметкері қан тапсыру арқылы науқастарды, соның ішінде жол-көлік оқиғасы құрбандарын құтқаруға өз үлесін қосады.
Астана қаласының полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушыларын қырағы болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады!