Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада полиция екі велосипед ұрлығына қатысы бар бойжеткенді ұстады

Елордада полиция екі велосипед ұрлығына қатысы бар бойжеткенді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында екі велосипед ұрлығына қатысы бар 22 жастағы елорда тұрғынын анықтады.

Анықталғандай, ол күндізгі уақытта тұрғын үйлердің кіреберістеріне кіріп, еш кедергісіз велосипедтерді ұрлап отырған. Осылайша, Кордай көшесіндегі үйдің кіреберісінен ол құны 65 мың теңге Kston 29 велосипедті ұрлап кеткен. Оперативтік қызметкерлер велосипедті тауып, иесіне қайтарды.

Тағы бір жағдайда ол Петрова көшесінде үйдің кіреберісінен Teres спорттық велосипедін ұрлап, оны көшедегі бейтаныс адамға сатып жіберген. Полиция қызметкерлері бейнежазбалар арқылы күдіктіні анықтай алды. Велосипед иелері қарапайым қауіпсіздік шараларын қолданбағандықтан, оны ұрлау оған қиындыққа түспеді. Қыз жай ғана ұнаған велосипедті таңдап, алып кеткен.

Күдікті өз кінәсін мойындады, қылмыстық іс қозғалды. Оның басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Тәртіп сақшылары азаматтарға қажетті қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады. Велосипедтерге белгі немесе таңба қою, кіреберістерде, дүкендердің жанында және саябақтарда қараусыз қалдырмау, сенімді құлыптарды қолдану маңызды екенін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру