Елордада полиция коммуналдық қызметкерлермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы кездесу өткізді
Елордада полиция коммуналдық қызметкерлермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар аясында елордалық полиция қызметкерлері "Elorda Eco Sуstem" және "Астана Тазалық" қалалық коммуналдық кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңының негізгі ережелерін түсіндіріп, құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері мен сыбайлас жемқорлық көріністері үшін көзделген жауапкершілік туралы айтып өтті.
Сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттыруға және сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне төзбеушілік көзқарас қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кәсіпорын қызметкерлеріне ақпараттық парақтар таратылып, қойылған сұрақтарға жан-жақты жауаптар берілді.
Полиция мұндай іс-шаралардың құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңдылық пен ашықтық қағидаттарын нығайту үшін маңызды екенін атап өтіп, алдағы уақытта да тұрақты негізде жалғасатынын мәлімдеді.
