Елордада полиция қызметтік иттің көмегімен екі есірткі қылмысының бетін ашты
Елордада полиция қызметтік иттің көмегімен екі есірткі қылмысының бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күйгенжар стационарлық бекетінде патрульдеу барысында полицейлер кинологиялық қызмет орталығы қызметкерлерінің қатысуымен есірткі заттарын сақтау бойынша екі деректі анықтады.
Полиция қызметкерлерімен қатар арнайы дайындықтан өткен, қинологиялық қызмет орталығында үйретілген қызметтік иттер де кезекшілік атқарады.
Олардың жоғары деңгейдегі дайындығы мен қызметкерлердің кәсібилігінің арқасында құқық бұзушылықтарды жедел анықтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.
Атап айтқанда, Toyota автокөлігін тексеру кезінде Бакс есімді қызметтік ит белгі берді. Ер адам қатты қобалжып, күмән тудырған ораманы көлік салонына тастап құтылуға тырысқан. Кейін жүргізуші бұл затты көліктен лақтырып жіберген.
Оқиға орнына жедел түрде тергеу-жедел тобы шақырылды. Орама ішінде жасыл түсті, өзіне тән иісі бар, өсімдік тектес ұнтақ зат болған. Аталған зат тәркіленді. Жолаушыға қатысты тексеру жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Екінші дерек осы бекетте Geely көлігін тексеру кезінде тіркелді. Бұл жолы да қызметтік ит жолаушыға белгі берді. Тінту барысында оның шұлығының ішінен өзіне тән иісі бар, сұр-жасыл түсті, өсімдік тектес зат салынған пакет табылды. Аталған факт бойынша да тексеру жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалды.
Полиция қызметкерлері мен олардың төрт аяқты серіктерінің үйлесімді жұмысы құқық бұзушылықтарды тиімді анықтауға және қаладағы құқықтық тәртіпті сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері есірткі заттарын сақтау, тасымалдау және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң жазаланатынын еске салады.
