Елордада полция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған рейд жүргізді
Елордада полция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған рейд жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада Нұра ауданы аумағында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жергілікті рейдтік іс-шаралар өткізілді. Тексерулер тұрғын үй секторын, жалдамалы пәтерлерді, хостелдерді, құрылыс нысандарын, сауда үйлері мен құқық бұзушылық жасалуы ықтимал басқа да орындарды қамтыды.
Полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасының сақталуын, азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тіркелуін бақылап, профилактикалық есепте тұрған адамдармен мекенжайлық жұмыс жүргізді.
Әсіресе іздеуде жүрген тұлғаларды анықтауға, заңсыз еңбек қызметі фактілеріне және шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде заң талаптарының сақталуына ерекше көңіл бөлінді. Кешкі уақытта ойын-сауық орындары заң талаптарының сақталуы, оның ішінде алкоголь өнімдерін сату ережелері бойынша тексерілді.
Үй-үйді аралау барысында интернет-алаяқтыққа қарсы профилактикалық жұмыстар да жүргізілді. Полиция қызметкерлері түсіндіру әңгімелерін өткізіп, оның ішінде қарттармен де жұмыс жасады. Аулаларға ақпараттық парақшалар ілініп, тұрғындар чаттарына ескерту материалдары жіберілді.
Іс-шаралар нәтижесінде 160-қа жуық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. 84 жағдайда абаттандыру қағидаларын бұзу, көші-қон заңнамасын бұзу фактілері, кальянды рұқсат етілмеген жерде қолданудың 11 дерегі, тыныштық режимін бұзу, қоғамдық орындарда алкоголь ішу, спирттік ішімдікті заңсыз сату, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектерсіз жүруі сияқты құқық бұзушылықтар анықталды.
Іс-шараларға түрлі полиция қызметтері мен Қазақстан Ұлттық ұланы әскери қызметшілері тартылды.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауға шақырады және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – қоғам мен мемлекеттің ортақ міндеті екенін еске салады.
