Елордада қайырымдылық қорының басшысы полицейге алғысын білдірді
Елордада “Мейірім жолы” жеке қайырымдылық қоры қоғамға жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген азаматтарға ризашылығын білдіруді дәстүрге айналдырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде атаулы қор Астана қаласы полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі Дамир Ахметжановқа әлеуметтік маңызы зор игі істерге қосқан зор үлесі үшін Алғыс хат табыстады.
Қор басшылығы атап өткендей, қайырымдылық – тек материалдық көмек емес, ол – жан жылуы мен қолдауға дайын тұру. Дамирдің еңбегі мен жанқиярлық әрекеттері көптеген мұқтаж жандарға үміт сыйлап, өмірлерін жақсартуға ықпал етіп келеді.
– Сіздің көмегіңіздің арқасында біздің миссиямыз жүзеге асып, қордың әр күнгі жұмысы нәтижелі болуда. Шынайылығыңыз бен мейіріміңіз бізді жігерлендіреді. Сіз – біздің тірегіміз әрі үмітімізсіз, – деді “Мейірім жолы” қорының директоры.
Алғыс хатта тәртіп сақшысының қоғамға деген қамқорлығы мен ізгілігі ерекше атап өтіліп, оның еңбегі өзгелерге үлгі болатыны жеткізілді.
“Мейірім жолы” қоры қайырымды істердің қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға, ізгілік пен өзара қолдау мәдениетін қалыптастыруға зор ықпал ететініне сенімді. Қор алдағы уақытта да мұқтаж жандарға қол ұшын созып, демеушілер мен еріктілерді біріктіріп, игілікті бастамаларды жалғастыра бермек. Қордың негізгі мақсаты – мұқтаж жандарға көмек көрсету, қоғамда ізгілік пен жанашырлық құндылықтарын нығайту.