Елордада ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары жасөспірімге жедел көмек көрсетті
Елордадағы “Астана Арена” спорт кешені маңында қызмет атқарып жүрген 5573 әскери бөлімінің қатардағы сарбаздары Иманжүсіп Түменбаев пен Александр Баширов өзін жайсыз сезінген жасөспірімге алғашқы көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдеу кезінде олар басы айналып, жерге құлаған баланы байқап, дереу көмекке ұмтылған.
Сарбаздар баланы орнынан тұрғызып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін анасына хабарласып, баланы көлікке дейін көтеріп апаруға көмектесті.
Айта кетейік, бұл ұландықтардың алғашқы медициналық көмек көрсетуі емес. Бұған дейін де "Астана Арена" стадионының жанындағы мерекелік концерт кезінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері есінен танған бірнеше көрерменге көмек көрсеткен болатын.
Бұл жағдай – әскери қызметшілердің қоғамдық тәртіппен қатар, адамдардың өмірі мен денсаулығына да бейжай қарамайтынын аңғартады.