Елордада ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары жоғалған телефондарды иелеріне қайтарды
Елордада Ұлттық ұлан сарбаздары бір күнде жоғалған екі мобильді телефонды тауып, иелеріне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлттық ұланның Астана қаласында орналасқан 5573 әскери бөлімінің сарбаздары Байқоңыр ауданының қоғамдық тәртібін қадағалап жүрген кезде сағат 19:32-де байланыс құралдары арқылы iPhone 14 Pro Max телефонының жоғалғаны туралы хабар алды. Ақпарат алынған соң, әскери жасақ бастығы қатардағы Инсар Дүйсенбеков қатардағы Аслан Махамбетов пен Әліби Өңгелдімен бірге дереу іздестіру шараларын ұйымдастырды. Ұландықтардың қырағылығының арқасында жоғалған телефон «Астаналық» сауда үйінің автотұрағынан табылып, иесіне қайтарылды.
Екінші оқиға сол күні сағат 20:21-де Байқоңыр ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде болды. Әскери жасақ бастығы қатардағы Диас Амир және қатардағы Қуаныш Тіркешов пен Бекзат Раушан телефонның жоғалған орны туралы бағдар алды.
– Біз iPhone 15 Pro телефоны мен құлаққаптың жоғалғаны туралы ақпарат алған сәтте бірден іздестіру жұмыстарын бастадық. Уақыт жоғалтпай, біз жедел әрі бірлесе әрекет еттік. Нәтижесінде жоғалған телефонды тауып, иесіне қайтардық, – деді әскери жасақ бастығы қатардағы Диас Амир.
Астана қаласының тұрғыны ҚР ІІМ Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қырағылығы мен адал қызметі үшін алғысын білдірді.