Елордада санитариялық нормаларды бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды
Елордада санитариялық нормаларды бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында елордалық полиция қызметкерлері жүргізген рейдтік шаралар барысында санитариялық талаптардың өрескел бұзылғаны анықталды.
Ассенизатор көлігінің жүргізушісі кәріз және шаруашылық-тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленбеген орынға заңсыз төккен. Тексеру нәтижесінде оның осындай әрекетті 38 рет қайталағаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша елді мекендерді абаттандыру және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу фактісімен жауапқа тартылды. Көлік құралы коммуналдық тұраққа қойылды.
"Таза Қазақстан" акциясы басталғалы бері елордада 56 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың шамамен 650-і — жүк көліктері мен ассенизатор техникаларының жүргізушілері.
Қалалық полиция қызметкерлері қала аумағын абаттандыру, ластау, рұқсатсыз қоқыс төгу, ағын суларды заңсыз ағызу фактілерін анықтау мақсатында рейдтерді күшейте түсуде.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды санитариялық нормалар мен экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Мұндай заңбұзушылықтар тек қоршаған ортаның тазалығына ғана емес, жалпы халықтың денсаулығына және қаланың санитарлық жағдайына кері әсерін тигізеді.
Полиция барлық құқық бұзушылықтар анықталып, дер кезінде тоқтатылатындығын қатаң ескертеді.